ЕурАзЭҚ
Еуразиялық экономикалық қауымдастығы (ЕурАзЭҚ) – өзіне кіретін елдердің (Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан) сыртқы ортақ кеден шекарасын құруға, бірыңғай сыртқы экономикалық саясатты, тарифтерді, бағаны және жалпы нарықтың жұмыс істеуін құраушыларды жасап шығаруға байланысты функциялар берілген халықаралық экономикалық ұйым.
Кеден одағының құқық иеленушісі болып ұйым БҰҰ принциптері мен халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес құрылды. Бұл шешім қабылдау мен іске асырудың қатаң механизмі бар айқын құрылымдалған жүйе. Ол халықаралық құқықтық субъектілікке ие. Қауымдастық пен оның лауазымды адамдары ЕурАзЭҚ құру туралы шартта және Қауымдастық шеңберінде қолданыстағы шарттарда көзделген функцияларды орындау және мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.2003 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастық БҰҰ Бас ассамблеясында бақылаушы мәртебесін алды.
2007 жылғы 6 желтоқсанда Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 62-сессиясында «ББҰ және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық арасындағы ынтымақтастық» резолюциясы бір ауыздан қабылданды.
Қауымдастықтың мақсаты
ЕурАзЭҚ Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Кеден одағына қатысушы-елдерді құру процесін тиімді алға жылжыту, әлемдік экономика мен халықаралық сауда жүйесіне интеграциялау кезінде олардың тәсілін үйлестіру үшін құрылды.
Ұйым қызметінің басты векторларының бірі – халықтың өмір сүру деңгейін арттыруда олардың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану кезінде әлеуметтік-экономикалық түрлендіруді келісу жолымен Қауымдастық елдерін динамикалық дамытуды қамтамасыз ету.
Қауымдастықтың негізгі міндеттеріне мыналар кіреді: еркін сауда режимін толық көлемде рәсімдеуді аяқтау, бірыңғай кеден тарифін және тарифтік емес реттеу шараларының бірыңғай жүйесін құру;
тауралар мен қызметтердің саудасының ортақ тәртібін және олардың ішкі нарыққа қол жетімділігін белгілеу;
валюталық реттеу және валюталық бақылаудың бірыңғайланған тәртібін енгізу;
кедендік реттеудің бірыңғайланған ортақ жүйесін құру;
әлеуметтік-экономикалық дамудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу және іске асыру;
өндірістік және кәсіпкерлік қызмет үшін тең жағдай жасау;
көлік қызметінің ортақ нарығын және бірыңғай көлік жүйесін құру;
ортақ энергетикалық нарық құру;
шетелдік инвестиция тараптарының нарыққа қол жетімділігі үшін тең жағдай жасау;
Қауымдастық елдерінің азаматтарына оның барлық аумағында білім мен медициналық көмек алуда тең құқық беру;
ұлттық заңнаманы жақындату және үйлестіру;
Қауымдастық шеңберінде ортақ құқықтық кеңістік құру мақсатында ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің құқықтық жүйесінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.
Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы шартқа 2000 жылы 10 қазанда Белоруссия президенті -Александр Лукашенкомен, Қазақстан президенті - Нұрсұлтан Назарбаевпен, Қырғызстан президенті - Асқар Ақаевпен, Ресей президенті - Владимир Путинмен, Тәжікстан президенті - Эмомали Рахмоновпен Қазақстан астанасы Астана қаласында қол қойылды.
КурАзЭқ құрамы
Бес мемлекет - Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылған сәтінен бастап оның мүшелері болып табылады. 2002 жылы мамыр айында Молдавия мен Украина басшылығының өтінішімен бұл елдерге ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді. 2003 жылы Арменияның осындай өтініші қанағаттандырылды. Өзбекстан 2006 жылы қаңтар айында ЕурАзЭҚ мүшесі болды.
ЕурАзЭҚ - ашық ұйым. 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы шарттан және ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің шешімімен айқындалатын Қауымдастық шеңберіндегі тізім бойынша қолданыстағы шарттардан туындайтын міндеттемелерді өзіне алатын ғана емес, ЕурАзЭҚ мүшелерінің пікірінше осы міндеттемелерді орындауға ниетті кез келген мемлекет оның мүшесі бола алады.
ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушы мәртебесі мемлекетке немесе халықаралық мемлекетаралық (үкіметаралық) ұйымға олардың өтінімі бойынша беріле алады. Бақылаушы ЕурАзЭҚ органдарының ашық отырыстарына қатысуға, төрағалық етушінің келісім беруімен осы отырыстарда баяндама жасауға, қажетіне қарай ашық құжаттар мен ЕурАзЭҚ органдары қабылдаған шешімдерді алу құқығына ие болады. Бақылаушы мәртебесі ЕурАзЭҚ органдарының отырыстарында шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығын және ЕурАзЭҚ органдарының құжаттарына қол қою құқығын бермейді.
ЕурАзЭҚ басшы органдарының құрылымы
Қоғамдастықтың басшы органдарының қатарына мыналар жатады:
Мемлекетаралық кеңес,
Біріктіру комитеті,
Парламентаралық Ассамблея,
Қоғамдастық соты.
Мемлекетаралық кеңес
Бұл Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың жоғарғы органы. Оның құрамына Қоғамдастық елдерінің мемлекет және үкімет басшылары кіреді.
2002 жылғы мамыр айында Мемлекетаралық кеңес Төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 2005 жылы маусымда осы лауазымға Белоруссия Президенті Александр Лукашенко сайланды. 2006 жылы маусымда Мемлекетаралық кеңес Төрағасы Ресей Президенті Владимир Путин болды. 2007 жылы қазанда осы лауазымға Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон сайланды.
Мемлекетаралық кеңес қатысушы мемлекеттердің жалпы мүдделерімен байланысты Қоғамдастықтың ұстанымдық мәселелерін қарастырады, стратегиясын, бірігудің даму бағыттары мен келешегін анықтайды және ЕурАЗЭҚ мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған шешімдерді қабылдайды.
Мемлекетаралық Кеңес мемлекет басшылары деңгейінде жылына бір реттен жиі емес (2002 ж. – Мәскеу, 2003 ж. - Душанбе, 2004 - Астана, 2005 – Мәскеу, 2006 (кезектен тыс) - Санкт-Петербург, 2006 - Минск, 2007 - Душанбе), үкімет басшылары деңгейінде – жылына екі реттен жиі емес шақырылады.
Біріктіру Комитеті
Бұл Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың тұрақты қызмет етуші органы. Оның құрамына ЕурАзЭҚ елдерінің үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді. Біріктіру комитетінің негізгі міндеттерінің қатарына ЕурАзЭҚ органдарының өзара әрекетін қамтамасыз ету, Мемлекетаралық кеңестің отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар дайындау, сондай-ақ шешім мен құжаттар жобаларын дайындау, Мемлекетаралық кеңесте қабылданған шешімдердің іске асырылуына бақылау кіреді.
Біріктіру комитетінің отырысы жылына төрт реттен кем болмай жүргізіледі.
Хатшылық
Осы құрылымдық бөлімшеге Мемлекетаралық кеңес пен Біріктіру комитетінің жұмысын ұйымдастыру және ақпараттық - техникалық қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Хатшылықты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Бас хатшысы басқарады. Бұл Мемлекетаралық кеңеспен тағайындалатын Қоғамдастықтың жоғарғы әкімшілік лауазымды тұлғасы. 2001 жылғы қазан айында бес президенттің шешімімен осы лауазымға Ресей өкілі Григорий Рапота тағайындалды. 2007 жылғы қазан айында ол Оңтүстік Федералдық округте Ресей Федерациясы Президентінің уәкілетті өкілі болып тағайындалды. Қоғамдастық мемлекеттерінің алты президентінің шешімі бойынша ЕурАзЭҚ жаңа Бас хатшысы Қазақстан өкілі Таир Мансұров болды.
Хатшылықтың орналасқан орны Алматы (Қазақстан) және Мәскеу (Ресей) қалалары.
Тұрақты өкілдіктер комиссиясы
Қоғамдастыққа кіретін мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ жанында тұрақты өкілдерін тағайындайды. Олар құрған Тұрақты өкілдер комиссиясы Біріктіру комитетінің отырыстары аралығында Қоғамдастықтың жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қоғамдастық пен сәйкес органдар, ведомстволар мен ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің ұйымдары арасында жұмыстық өзара әрекет ету үшін арналған.
Парламентаралық Ассамблея
Бұл ЕурАзЭҚ шегінде парламенттік ынтымақтастық органы ұлттық заңнамаларды үйлестіру мен оны Қоғамдастық міндеттерін іске асыру барысында ЕурАзЭҚ шегінде бекітілген шарттарға сәйкес келтіру мәселелерін қарастырады.
Парламентаралық Ассамблея Қоғамдастық елдерінің парламенттері делегат етіп жіберетін парламентарийлерден қалыптасады. Оның құрамына Ресейден 28 (Өзбекстанның ЕурАзЭҚ-қа кіргенге дейінгі жағдай бойынша), Белоруссия мен Қазақстаннан 14-тен, Қырғызстан мен Тәжікстаннан 7-ден парламентарийлер кіреді.
Парламентаралық Ассамблея хатшылығы Санкт-Петербургте (Ресей) орналасқан.
Қоғамдастық соты
Қоғамдастық соты Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы Шарт талаптары келіскендерді және Қоғамдастық шегінде қолданыстағы басқа шарттар мен ЕурАзЭҚ органдары қабылдайтын шешімдердің біртектес қолданылуы қамтамасыз етеді. Қоғамдастық соты ЕурАзЭҚ мүшелері арасында ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерін іске асыру мәселелері бойынша және Қоғамдастық шегінде әрекет ететін шарттар ережелері бойынша туындайтын экономикалық сипаттағы дауларды қарастырады, олар бойынша түсініктемелер мен қорытындылар береді.
Қоғамдастық сотының орналасқан орны Минск қаласы (Белоруссия).
Көмекші органдар
Қоғамдастық шегінде бірқатар көмекші органдар әрекет етеді. Біріктіру комитеті жанында құрылған Энергетика саясаты бойынша кеңес, Көлік саясаты бойынша кеңес, Шекара мәселелері бойынша кеңес, Кеден қызметі басшыларының кеңесі, Салық қызметі басшыларының кеңесі, Әділет министрлерінің кеңесі және т.б. белсенді жұмыс істейді.
Осы кеңесте біріктірілген алты мемлекет ведомстволарының басшылары бірлесіп сәйкес салаларда келісілген саясатты жасайды.
ЕурАзЭҚ бюджеті
Қоғамдастықтың бюджеті әр бюджет жылына Біріктіру комитетімен Қоғамдастық мемлекеттерімен келісім бойынша әзірленеді және Мемлекетаралық кеңес бекітеді.
Қоғамдастық бюджеті үлес жарналары есебінен қалыптастырылады: 40 пайызын Ресей, 15 пайыздан Белоруссия, Қазақстан, Өзбекстан, 7,5 пайыздан Қырғызстан мен Тәжікстан енгізеді.
Қоғамдастықта шешім қабылдау
ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі шешімді келісіммен қабылдайды. Қабылданған шешімдер Қоғамдастық мүшелері – барлық елдерде орындауға міндетті болады. Шешімдерді орындау ұлттық заңнамаға сәйкес қажетті ұлттық нормативтік құқықтық актілерді қабылдау жолымен өтеді.
Біріктіру комитетінде шешім дауыстардың үштен екісінің көпшілігімен қабылданады. Біріктіру комитетінде шешімдер қабылдаған жағдайда дауыстар саны Қоғамдастық бюджетіне әр тараптың жарнасына сәйкеседі. Ресей 40 дауысқа, Белоруссия, Қазақстан және Өзбекстан 15 дауысқа, Қырғызстан мен Тәжікстан 7,5 дауысқа ие.
Егер шешім қабылдауға алты тараптың бесеуі ғана дауыс берсе, бірақ ол үштен екі дауыс көпшілігін жинақтамаса, мәселе Мемлекетаралық кеңес қарауына жіберіледі.
ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі басымдықтары
ЕурАзЭҚ қызметінде басым бағыттардың санына жақын келешекте мыналар жатады:
Көлік – бірегей тарифтер проблемасын шешу, жүк ағынын арттыру, кеден процедураларын жеңілдету, қол қойылған келісімдер бойынша мемлекет ішілік процедураларды аяқтау, трансұлттық көлік-экспедиция корпорацияларын құру.
Энергетика – Орталық Азияның гидроэнергетикалық кешендерін бірлесіп игеру және электр энергиясымен және су пайдаланумен жабдықтар проблемаларын шешу, бірегей энергетикалық балансқа шығу.
Еңбек көші-қоны – қоныстанушыларды әлеуметтік қорғау, еңбек ресурстарының көшуін реттеу мен бақылаудың нақты жүйесін құру, қоныстанумен ілесе жүретін қылмыспен күрес, қоныстанушылар және олардың жұмыс берушілерінің салық төлеуімен байланысты проблемаларды шешу.
Аграрлық-өнеркәсіптік кешен – ЕурАЗЭҚ мемлекеттерінің ауылшаруашылық саясатын келісу, Қоғамдастық елдерінің бірыңғай азық-түлік нарығын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, сатуға, сақтауға шығындарды азайту, осы салада жаңа нарық институттарын (сақтандыру, банктік, лизингтік, биржалық және т.б.) құру
ЕурАзЭҚ кіретін ел азаматтарының Қоғамдастық аумағы бойынша жүру шарттары
Үкіметаралық келісімге сәйкес ЕурАЗЭҚ мемлекет – мүшелерінің азаматтары тұрғылықты орнына қарамастан, ЕурАЗЭҚ мемлекеттерінің аумағында визасыз шыға, келе, транзитпен жүре, жылжи және бола алады.
Азаматтықты алу тәртібі
Қазіргі уақытта Қоғамдастықта азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі бар. Осы тәртіпті регламенттейтін мемлекетаралық келісім халықаралық келісім қатарына жататындықтан, халықаралық ережелерге сәйкес ол сәйкес ұлттық құқықтық актілер үстінен басымдыққа ие болады.
ЕурАЗЭҚ кіретін мемлекет азаматтарының Қоғамдастық елдерінің жоғарғы оқу орындарында білім алу құқығы
Бекітілген келісімге сәйкес ЕурАЗЭҚ кез келген елінің кез келген азаматы ЕурАЗЭҚ кез келген елінің кез келген азаматтық жоғары оқу орнына, оның аумағында осы жоғары оқу орны орналасқан елдің азаматымен тең негізде оқуға түсу құқығына ие.
Нақты бизнеске арналған табыстар
Бес елдің нақты бизнесі үшін ЕурАЗЭҚ қатысудан пайда, іскерлік белсенділіктің Қоғамдастық елдерінің ұлттық заңнамаларын бір ізге салуға және осы кеңістікте әрекет ететін шаруашылық жүргізуші объектілер үшін тең жағдай жасалуына орай бірыңғай экономикалық кеңістік шегінде дамуынан алынады. ЕурАЗЭҚ аумағында өндірілген тауарлар мен қызметтерді Қоғамдастықтың ішкі шекаралары арқылы тасымалдаған кезде кедендік баж салығы алынбайды. Трансакциялық шығындарды төмендету есебінен ЕурАзЭҚ елдерінің аумағында өндірілген тауарлар үшінші елдер тауарларымен салыстырғанда барынша бәсекеге қабілетті болады. Қоғамдастықтың бес мемлекетінің инновациялық технологиялары мен зияткерлік ресурстарының бар әлеуетін пайдалану мүмкіндігі де маңызды рөл атқарады.
БАЙЛАНЫС АҚПАРАТЫ
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Біріктіру комитетінің хатшылығы:
105066, Мәскеу қ., 1-ші Басманный тұйық көшесі, 6, 4-оралым. тел.: (495) 223-90-00, факс: (495) 223-90-24 E-mail: evrazes@evrazes.ru
Баспасөз қызметі: тел./факс (495)223-90-47
480091, Алматы қ, Республика алаңы, 4 тел.: (3272) 72-20-00, факс: (3272) 72-02-96 E-mail: intekom@kaznet.kz

















